Забур жырлары. Chapter 66
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын жыр әрі ән.)
2 Я, Құдай, рақымды болып, жарылқай гөр, Бет-жүзіңнің нұрын бізге түсіре гөр. //
3 Бүкіл жер бетінде Сенің жолың мәлім болсын, Барлық халықтарға құтқаруың аян болсын!
4 Уа, Құдай, халықтар Сені мадақтай берсін, Күллі ұлттар Өзіңе мақтау айта берсін!
5 Рулар қуана-қуана ән шырқай берсін, Себебі Сен ұлттарды әділдікпен билейсің, Жер бетіндегі руларға дұрыс бағыт сілтейсің. //
6 Уа, Құдай, халықтар Сені мадақтай берсін, Күллі ұлттар Өзіңе мақтау айта берсін!
7 Сонда жердің топырағы бізге өнімін сыйлар, Һәм Құдай, сиынған Құдайымыз, бізді жарылқар.
8 Лайым Құдай бізді жарылқай берсін, Бар жердегі адамдар Оны қастерлесін!